«Ұлттық ойын – бабалар мұрасы» атты мектепішілік асық ойынын өткізу туралы

Оцените материал
(0 голосов)
11 Янв 18
Автор Прочитано 8 раз
Опубликовано в News

«Ұлттық ойын – бабалар мұрасы» атты мектепішілік асық ойынының ережесі


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 22 сәуірдегі № 227 бұйрығымен бекітілген «2015-2020 жылдарға арналған Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру» және ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында мектеп оқушыларының арасында өткізілетін асық ойынының мектепішілік жарыстары ережелерін анықтайды.


«Асық ату» ұлттық ойынын өткізудегі мақсат

«Асық ату» ұлттық ойынын көпшілікке тарату бойынша мектеп ішілік жарыс оқушылар мен ата-аналардың, ұстаздар қауымының ұлттық салт-дәстүрге қызығушылығын арттыру, ата-баба мұраларына құрметпен қарау дағдыларын қалыптастыру.

«Асық ату» ойына қатусушылар


1. Мектеп оқушылары (жас ерекшеліктері бойынша іріктеледі) арасындағы жарыс;
2. Ата-аналар арасындағы жарыс;
3. Ұстаздар арасындағы жарыс болып бөлінеді.
Жарысты ұйымдастырушылар: педагог ұйымдастырушы және дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері.
Ойын түрлері
Алғашқы кезеңге асық ойынының «Үш табан», «Шеңберден шығару», «Көтеріспек» (тигізбекіл), «Омпы» түрлерін аламыз.
Ойындарындағы бірінші шарт - кезек анықтау. Кезекті төреші анықтайды.
Төреші - ойынның әділ жүруін қадағалаушы адам. Ол дене тәрбиесінің мұғалімі немесе асық ойынын жақсы білетін кез-келген адам бола алады.
Кезек анықтау ережесі: Төреші ойынға қатысушылардың сақаларын бір қолға жинап, шиырып шашу арқылы анықтап алады. Кімнің сақасы бірінші болып алшысынан түссе, асықты сол бірінші, ал егер бір сақа -алшы, тағы бір сақа тәйкі түссе, тәйкі түскеннің иесі екінші болады. Мысалы, қатысушы 4 бала болса, сақаларды шиыра шашқанда бір алшы, бір тәйкі түссе, олар сәйкесінше бірінші, екінші кезекті алады да, қалған екі сақа тағы шиырылады. Қайсысы бірінші алшы не тәйкі түссе, сол үшінші болады.
Бір ескеретіні: сақаларды шиырып шашқанда, біреуі ғана тәйкі тұрып, қалғандары бүк не шік түссе, бірінші кезекті тәйкі тұрған сақаның иесі алады. Ал егер екі сақа бірдей тәйкі не алшы түссе, онда сол екі сақа жеке иіріледі. Қайсысы алшы не тәйкі тұрады, кезек соныкі, ал екеуі де тұрмаса, қалған сақаларға қосып, қайта иіріледі. Сақасы тұрмаған соңғы бала түпте қалады. Түп - атуға тізілген асықтардың (түбі) жаны деген сөз.
Ойын ережелері
Үш табан - 2 немесе 3-4 бала (төрттен көп болмағаны жөн) 1 (2) асықтан тізіп ойнайтын ойын.
Кімнен кейін кім екені жоғарыдағыдай амалмен анықталғасын, бірінші бала тізілген асықтардың бір жақ бетіне шығып, қашықтау (тізілген асықтан есептегенде 2,5 -3 метрден алыс болмауы керек) жерге сақасын иіреді. Сақасы алшы немесе тәйкі тұрса, тізілген асықтарды атады. Атқанда асыққа тигізіп қана қоймай, оны табанмен санағанда (адым емес) 3 табан қашықтықтан асыра ұшыруы тиіс. Сонда ғана ол ұшырған асығын алады және ойынды жалғастырып, сақасы тоқтаған жерден тағы атады. Егер тигізе алмай қалса, сақасы тоқтаған жерінде тұрады. Кезекті екінші бала алады. Ол біріншіге қарама-қарсы жаққа барып, сақасын иіреді, (сақасы тұрса, асықты атады) немесе түптен, яғни өкшесін асық тізілген сызықтан қойып тұрып, бірінші баланың сақасын көздеп атуына болады. Егер ол біріншінің сақасына тигізіп, 3 табан өлшемнен асыра ұшырса, бірінші бала ойыннан шығады да, ортаға тізілген асықтардың біреуі екінші балаға тиесілі болады. Ол да ойынды сақасы тоқтаған жерден жалғастырып, тізілген асықтарды атады. Тиген асығын тиісті қашықтыққа ұшырса, алады. Тигізе алмаса, бірінші сақаны «күйдірген» ақысына бір асығын алады. Үшінші бала да қаласа, екіншінің сақасын атады. Қаламаса, екіншінің сақасына қарама-қарсы, тізілген асықтардың екінші жағына 2,5-3 метр қашықтықта сақасын иіреді. Алшы не тәйкі тұрса, тізілген асықты атады. Сақасы тұрмаса, түскен жерінде тұрады. Енді алдыңғы екеудің бірінің сақасын ату құқығына түптегі бала ие болады. Бірақ оның таңдау құқы бар. Қаласа, түптен үш табан салып, санайды да сол жерден әлгі сақаны атады. Қаламаса, түпке сақасын иіреді. Егер алшы/тәйкі тұрса, түптегі асықтарды шертуге құқық алады. Бұл іс жүзінде ұтысты білдіреді. Өйткені, асық ойынында шерту ең оңай тәсіл саналады. Егер сақасы тәйкі не алшы тұрмаса, ойыннан шығып қалмаған балалар кезек ретімен асықты атады. Бұл кезде де жоғарыда айтылған тәртіп ереже-сақталады. Тек бірінші атқан бала асыққа тигізе алмай қалса, сақасы барған жақта тұрған екінші бала қаласа, әлгінің сақасын «күйдіреді», қаламаса ортадағы асықты атады. Ал түптегі бала екі жақтағы сақаның жақын түскенін өзіне сенсе, атуына болады, бірақ бұл жолы үш табан салмай, түптен тұрып атады. Ойын осылай тізілген асық біткенше жалғаса береді. Мұндайда бірінші не екінші бала мерген болса, ойын кейде 2-3 минутқа ғана жалғасады.
Шеңберден шығару. Ойын шарты бойынша диаметрі 1,5-2 метрлік, кейде одан да үлкен шеңбер сызылады. Қатысушы балалар шеңбердің дәл ортасына (5-6 бала болса, бір-бірден, 2-3 бала болса, екі асықтан) бір-бірден асық тізеді. Тағы да сақаларын бір қолға жинап, шиыра шашады. Шарт бірінші ойындағыдай. Ату кезегі сақаларының алшы/тәйкі тұруына қарай анықталады. Сосын шеңберден ортасында тізілген асықтан есептеп, екі жаққа қарай адыммен 4-5 қадам жасап, белгі сызады да, сол сызықтан тұрып кезегімен шеңбердің ортасында тізілген асықтарды атады.
Шарт бойынша ортадағы асықты шеңбер сыртына атып шығарған бала (бір атқанда екі асықты шығарса да мейлі) алады және ойынды сақасы түскен жерден жалғастырады. Бірінші атуында сақасы бір немесе 2-3 асықты құлатып кеткен болса, алдымен соның бірін атады. Атқан кезде шеңберден шықпай қалған мұндай асықтар «өлік» деп аталады. Олар ортаға қайта тізілмейді. Егер бірінші бала «өлікті» де шеңберден шығара алмай қалса, қалған балалар кезегімен шеңберден келіп атады. Онда да бірінші кезекте тізіліп тұрған асықтарды емес, «өлікті» атады. «Өлікті шығарғаны сақасы тоқтаған жерден тізіліп тұрған асықтарды атады. Сыртқа шығарса, асығын алады да тағы атады. Шығара алмаса, өзінен кейінгі бала шеңберден тұрып, «өлікті», ол жоқ болса, тізілген асықтарды атады. Ойын барысында «өлік» асық шеңберге тым жақын болып қалса, табан салып өлшейді. Егер шеңбер мен асықтың арасы бір табаннан жақын болса, ол асықты сол жерден шеңбердің тура қарсы бетіне қарай шертіп шығаруға болады. Егер шерте алмайтын болса, «өлікті» алып, тура шеңбер сызығына омпысынан қояды да, шеңбердің қарсы бетінен тұрып атады. Ойын осы ретпен жалғасады. Кім асықты көп ұтса, сол жеңеді.
Тигізбекіл немесе көтеріспек. Мұны екі-үш бала ғана ойнайды.
Ойынды екі бала бір қатарда тұрып бастайды. Алдымен біреуі сақасын алыстау қашықтыққа иіріп (бірақ екі метрден алысқа лақтырмауы тиіс) тастайды. Екіншісі әлгі сақаны көздеп атады. Мақсат - тигізу. Егер тигізсе, бірінші бала екіншісін сақасы түскен жерге дейін арқалап барады. Сосын өзі атады. Тигізер болса, арқалау кезегі екіншіге келеді. Ойынды осылай белгілі бір межеге дейін (шағын спорт залдың бір жағынан екінші жағына дейін) немесе уақыт белгілеп ойнауға болады.
Жоғарыда біз асық ойынының ең көп таралған үш түрін ғана мысалға алып, солардың қарапайым ережелерін ғана айттық. Әлбетте, бұл ойын кең өріс алып, дамып жатса, оның ережелері де жетілдіріле беретіні анық. Өйткені, далада ойнауға қолайлы бұл ойындарды спорттық залдарға бейімдеу кезінде артық-кем тұстары түзелуі тиіс. Көп болып кірісіп, жан-жақты қолдау көрсете алсақ, уақыт өте келе телекамералардың мүмкіндігін пайдаланып, республикалық деңгейге де көтеруге болар еді. Себебі бұл ойынының көрермені көп болатынына сенім мол.
«Омпы» ойыны. Асық ойынына қой, арқар, құлжа сияқты жануарлардың асығы мен тайынша-торпақтың топайларынан өңделіп пайдаланылады. Үлкендер де, балалар да ойнайды. Асық ойыны барысында әсіресе, ұтыстың негізгі шарттарының бірі – асықтың алшы түсуіне айырықша мән берілді. Сондықтан алшы түсуге икемді ірі, шомбал еркек қойдың және арқар мен құлжаның асықтары, әсіресе, осы асықтардан жасалған сақалар жоғары бағаланды. Аса тиімді атыс асықтарының қатарына кеней мен топай (жылқы мен тайыншаның топайынан басқа) деп аталатын сақалардың шағын түрлері де жатқызылды. Қазақы ортада сақалар құнды бұйым ретінде ойыншылардың арасында әртүрлі айырбасқа түсіп отырды. Мысалы, бір сақа екі асыққа айырбасталды. Ал құлжаның сақасы үш асыққа тең болған деген сияқты. Ойыншылар асықтың күтіміне ерекше мән берді. Әсіресе, әртүрлі түске боялған асықтар да жоғары бағаланды. Қазақ әйелдері жүн бояғанда бояудың басыртқысына немесе қалған қалдығына асықтарды салып, сәл қайнатып бояп беретін болған.

Жарысты ұйымдастыру
Жарыс әр мектептің өз базасында өтеді. Жарыс жеңімпаздарына және ұйымдастырушаларына «Шығармашылық шеберлікке баулу орталығының» алғыс хаттары мен Дипломдары табыс етіледі.
Ойынның өткізілу уақыты мен барысы туралы мына мекен – жайларға хабарласуға болады:
Эл.мекен-жайымыз: Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.

Оставить комментарий

Убедитесь, что Вы ввели всю требуемую информацию, в поля, помеченные звёздочкой (*). HTML код не допустим.


Уроки создания сайта.