Танымал ұстаздар! Ұлттық тәрбие бағдарламалары

Оцените материал
(0 голосов)
19 Авг 16
Автор Прочитано 351 раз
Опубликовано в Ұстаздар k2

Ә.Садуақасұлы. Тәрбиені ұйымдастырудың басымдық қағидалары мен ұстанымдары

Қазіргі таңда Қазақстан білім беру жүйесіндегі тәрбиені ұлттық үрдіске жетелеудің шаралары мен амалдарын ұйымдастыру ықтияттылықпен жүргізіліп отырғанымен, елімізде қалыптасып келе жатқан әлеуметтік - экономикалық ахуал әлемдік жаһандану үрдісіне жетелеп, еуроамерикандық технократтық білім мен тәрбиенің бел алуына жол ашуда. Ал, ол өз кезегінде халқымыздың ұлттық тәрбие нысандарының эволюциялық дамуына залалын тигізуде. Классикалық педагогиканың негізгі теориялық және қолданбалы принциптерін кеңестік кезеңнің коммунистік ұстанымдары мен қағидалары талаптарында пайдаланудың келмеске кеткендігі белгілі. Қоғамдық қарым-қатнастардың түбегейлі өзгеруі қоғамдық тәрбиені, әсіресе мектептегі тәрбиені ұйымдастырушылардың елеулі дағдарысқа ұшырауына әкеліп тірегендігі анық байқалып отыр. Әсіресе қазіргі егеменді елге қажетті (?!) тәрбиенің мақсаты мен міндеттерін, ұстанымдары мен қағидаларын белгілеуде қатерлі адасушылықтардың етек алып бара жатқандығы айрықша көрінуде.

«... Теорияда да, іс жүзінде де барлық халықтарға ортақ тәрбие жүйесі жоқ. Әр халықтың тәрбие жүйесі өзінше ерекше түзілген. Сондықтан да бір халық екінші халықтың тәрбие жүйесін пайдалана алмайды. Соншама тартымды да үлгілі болғанымен бір халықтың тұрмыс тіршілігіндей екінші халық өмір сүре алмайтыны тәрізді жақсы ойластырылып ұйымдастырылған бөтен педагогикалық жүйеде басқа халықтың тәрбиеленуі мүмкін еместігі анық...», «Біздің тәрбиені ойлап тапқымыз келетіні бос әурешілік..., тәрбие орыс халқында, халықтың өзі қанша өмір сүрсе, тәрбие де сонша ғасыр өмір сүреді..., өз тұрпатында бүкіл тарихын, бүкіл жақсы және жаман қасиеттерін бейнелейді» - деп жазды К.Д.Ушинский. Ол, білім мен тәрбиенің қажетті, ұнамды және қызықты түрлері туралы жаза отырып, ұлтқа алдымен қажетті білім мен тәрбие берілуі тиіс екендігін баса айтады. Қажетті білім мен тәрбиені бойына толық сіңірген ұрпақ қана «ұнамды» әлде «қызықты» тәрбие мен білімді менгеруге ұмтылуға тиіс екендігін ескертеді.  

Қай халық та өзінің ұлттық психологиялық және халықтық тәлім-тәрбие қазанында қайнап, жетілуі тиіс. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік ұлттық тәрбие жүйесінің мазмұны да қазақ этнопсихологиясы мен қазақ этнопедагогикасының тәлімдік үстанымдары мен тағылымдық қағидаларына сәйкес түзілуі қажет. К.Д.Ушинскийдің жазып отырғаны да осыны дәлелдейді.

Қай халықтың да тәлім-тәрбие мазмұны өзінің көпфакторлы, көпсатылы, дәстүрлі этнопедагогикалық құрылымымен ерекшеленеді. Ол көп ғасырлық тарихына сүйене отырып, жан-жақты, ұдайы, үдерісті жетіліп, толысып отыратын динамикалық процесс. Қоғамның әлеуметтік, саяси, экономикалық қарым-қатнастарының өзгеріп отыруына байланысты тәрбиеде де жаңа қоғамдық көзқарас талаптары пайда болады. Қоғамдық көзқарастардың ықпалы арқылы тәрбие мазмұны да белгілі тарихи толымдылық ерекшелікке ие болады. Қоғамның әрбір тарихи даму кезеңіне сәйкес тәрбиенің жаңа мақсаттары мен міндеттері белгіленіп, жүзеге асырылады. Міне сондықтан да Қазақстан мектептеріндегі ұлттық тәрбие нысандары мемлекеттік деңгейде басымдық қызмет атқаруы тиіс, өйткені ол ұлтымыздың өркениетті дамуының рухани әлеуетінің бұлжымас ірге тасын қалайды. Болашақ ұрпақтың мәдени және рухани-интеллектуалдық болмысын қалыптастырады. Еліміздің қоғамдық-әлеуметтік құрылымының күрделі де үдерісті дамуы   қоғамдық тәрбиенің, әсіресе отбасындағы тәрбиенің ұлттық мазмұнына тікелей байланысты екені даусыз.

Қазақстан Республикасы зайырлы, әрі көпұлтты ел ретінде ұрпақ тәрбиесінің мазмұндық құрылымына бір жақты қарай алмайды және екінші жағынан мемлекеттің иесі ретінде қазақ халқының атқарар қызметінің мемлекеттік дәрежеде мойындалуының маңызы зор және қазақ халқының ұлттық тәрбие ұстанымдарын басшылыққа алуы тиіс. Қоғамға қажетті ұлттық тәрбие моделін жасауда қазақ этнопедагогикасына сүйенуі тиіс, бұл еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылудың руханияттық кепілдігін жасаудың алғышарты болып табылады. Ал ұлттық тәрбие моделі алдымен ұлттық тәрбие мазмұнының стратегиясы мен тактикасының, ұлттық қоғамдық-әлеуметтік мүддеге сәйкетігінің, мақсаты мен мұратының, басымдық тәрбие бағыттары мен тәрбие қағидаларының, мемлекеттік дәрежеде орындалуға тиісті тәрбие міндеттерінің, пайдалану парадигмаларының құзыреттілігімен анықталады. Бізге ешқандай бөтен елдің, басқа халықтардың тәрбие моделі үлгі бола алмайды. Әр халықтың өзіндік генетикалық, этнопсихологиялық, тарихи - әлеуметтік қалыптасу ерекшеліктеріне тән туындап отыратын проблемелары мен ұрпақ тәрбиесіне арналған моральдық - этикалық ережелері бар. Бір халықтың тәрбие проблемалары екінші халыққа тәрбие проблемасы бола алмайды. Әр халық тәрбие жолын өзі таңдап алады. Оған бөтен халықтың араласуға, ықпал етуге құқы жоқ.

Егеменді ел аталып, тәуелсіздікте өмір сүре бастаған, бірақ толық қоғамдық кәмелеттікке қолы жете қоймаған қазіргі біздің қоғамымыздың болмысында феодализмның, социализмнің және қазіргі анықталмаған капитализмнің қоғамдық қарым – қатнастары араласып, шешуі аса күрделі педагогикалық проблемеларды алға тартып отыр. Қазақ, орыс, аралас және басқа да ұлттық мектептерде мемлекеттік тәрбие тұжырымдамасының басшылыққа алынып отырғандығына қарамастан әртүрлі діни конфессиялық, еуропалық, американдық, ресейлік т.б. бағыттағы тәрбие нысандарына «қызығушылықтың» етек алып бара жатқандығы жасырын емес. Әсіресе әсіреқызыл космополиттік жолға түскен технократизмнің әуесқойлары «жаттанды білім» мен «тәрбие бостандығын» жас ұрпақтың санасына тоғытуда.

Осы тұрғыда біз халқымызға, оның білім беру жүйесіндегі жасұрпаққа берілетін ұлттық тәрбиенің этногенездік ерекшеліктерін анықтап алудың маңызы зор деп санаймыз:      

Біріншіден, - қазақ хадқының басты этногенездік ерекшелігі оның ежелгі түркі жұртының мызғымас мұрагері екендігінде. Ендеше қазақ халқы ұрпақ тәрбиесінде ғасырлар бойы қалыптасқан түркілік ұлттық тәрбие жолынан айнымауы қажет. Әдеті мен ғұрпы, салты мен дәстүрі әлмисақтан жарасып келе жатқан түркі халықтарының ұрпақ тәрбиесінде бірінің екіншісіне жаттығы жоқ, қайта ғасырлар тоғысында береке бірлігі нығая түсіп, ғаламдану үдерісіне төтеп бере алатын руханиятты үрдіске айналып отыр. Қазіргі таңда жер шарында 250 миллионнан астам адам түрік тілінде сөйлейді. Түрік әлемін 36 ел құрайды. Оның ішіндегі 6 ұлт дербес мемлекеттер ретінде өз тәуелсіздігін жариялап, біріккен ұлттар ұйымының құрамына еніп отыр. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Әзірбайжан және Түркия Республикалары. Ал қалған түрк жұрттары Ресей Федерациясының (Татар, Башқұрт, Саха, Алтай, Құмықтар мен Қарашайлар, Ноғайлар мен Гагауздар, т.б. Кавказ және Сібір халықтары) мен Қытай Халық Республикасының құрамындағы (Ұйғырлар, Қидандар мен Қимақтар т.б.) автономиялық республикалар, облыстар және аудандар дәрежесінде өмір сүруде. Оған ертеде Еуропаға қоныс аударған арийлерді, мадиярлар мен бұлғарларды түрік жұрттарын қосу қажет. Сондықтан көк түріктің ғасырларды көктей өткен бабалар дәстүрін киелі аманат ретінде болашақ ұрпақтарымызға тапсыру біздің міндетіміз.

Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?

Түрікке адамзатта ел жеткен бе?

Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,

Тұранның ерлеріне ер жеткен бе? – деп, Мағжан Жұмабаев болашақ ұрпақтың санасына ұлттық патриотизмнің ұрығын сепкен.

Екіншіден, Қазақ – Азиялық халық. Ғасырлыр бойы Еуразия материгін көктей жосып, көшпенді өмір сүрді. Қытай, Парсы, Орыс, Мұңғыл, Корея, Жапон, Үнді мәдениетімен, олардың әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен шендесіп, араласып, біте қайнасып отырды. Тәрбие дәстүрлері үндесіп жатқан халықтар. Қытайдың ұлы философы Кан Фу Ци уағызындағы қытайдың ұлттық моральдық ұстанымдары туралы ережелері мен Түркілік Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білігіндегі» тәңірге, аруаққа табынушылық нанымдарының біртектілігіне, ата-ана мен үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мейірімділік ұстанымдарының тәрбиелік категорияларының философиялық тегінің бір негізден тарайтындығына қол қоймасқа болмайды. Оған қазақ даласының абыздары мен ғұлама ойшылдарының этикалық қағидалары үндесіп жатуы бекер емес. Демек, қазақ халқының ұрпақ тәрбиесінің этногенезі Азиялық халықтарға тән екендігі даусыз. «Шығыс жолбарысына» айналған Сингапурдағы экономикалық ғажайып- тың атасы Ли Куан Ю: «Біз батыстың моральдық құндылықтарын ойланбастан қабылдайтын болсақ қоғамымызды ұстап тұрған құдіретті күштен айырыламыз» - деп есептейді. Ал, моральдық құндылықтардың мектепте егілетіндігін, оқу-тәрбие процесінің мазмұнына түбегейлі өзгеріс енгізетіндігін пайымдау қиын емес. Қандай да болмасын халықтың қоғамдық құдіретті күші оның ұлттық моралінде, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінде екендігін, ол халықтың педагогикалық дәстүрлі үрдістер арқылы берілетінін жадыда ұстау, одан айнымау басты шарт.

Үшіншіден, Қазақ халқы он екі ғасыр бойы ерікті түрде ислам дінін ұстанып келе жатқан, ислам шариғаттарының имандылық қағидаларымен ұрпағын тәрбиелеп отырған ел. Қазақ халқы үшін ислам қағидалары мен ежелден қалыптасқан тәңірге табынушылық нанымдарының біртұтастығы ұрпақ тәрбиесінде де мықты орын алып отырғандығының айрықша маңызы бар. Бұл ұстанымнан бас тарту ұрпақ тәрбиесінің болашағына күмән келтірумен парапар болмақ. Өйіткені әрбір қазақ отбасында қалыптасқан ислам шариғаттарының тәрбиелік мазмұнын қоғамдық тәрбие үрдісінде жоққа шығарудың кеңестік кезеңде қаншалықты моральдық азғындыққа ұрындырғаны ересек ұрпақтың жадында. Қазақ-орыс аралас мектептерінде, әсіресе орыс мектептерінде оқитын қазақ балаларын басқа діннің ықпалынан сақтау қазіргі таңда өзекті мәселе. Орыс мектебінде оқитын қазақ балалары славияндық үлгіде тәрбиеленуде. Қазіргі таңда үлкен қалалардағы қазақ отбасыларында бірнеше діннің өкілдерінің «ар-ождан бостандығы» желеуімен «бейбіт қатар» өмір сүруі барған сайын өріс алуда. Олар үшін тіл тазалығы, діл тазалығы және дін тазалығы күн тәртібіне қойылмаған мәселе. Демек, бұл мемлекеттік деңгейдегі ұлттық тәрбие саясатында қайта қаралуға тиісті ең өзекті мәселе деп санау қажет.

Тәрбие қандай мемлекеттік міндеттерді атқаруы тиіс?

1. Жас ұрпаққа берілетін тәрбие алдымен мемлекеттік мүддеге қызмет етуі тиіс. Мемлекеттік мүдде деп отырғанымыз Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен егемендігі үшін ғасырлар бойы күресіп, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының ұлттық мүддесі екендігін ашық айту қажет. Қазақ халқының ұлт ретінде сақталуы, ұрпақ сабақтастығын ұлттық үрдісте үдерісті жалғастыруы- өзекті мәселе. Сондықтан да Қазақ халқының ұлттық мүддесі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүддесі болып табылады. Өз тәуелсіздігін қорғап қалған қазақ халқының мемлекеттілігін баянды етудің ең маңызды және тура жолы тамырын тереңге жіберген ұлттық тәрбие екендігі даусыз. Ол Қазақ азаматының ұлттық-патриоттық рухын кемелдендіреді. Ендеше Қазақстан азаматына берілетін тәрбие қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғайтын қазақ этнопедагогикасының ұлттық ұстанымдары мен қағидалары негізінде ұйымдастырылуы шарт.

2. Тәрбие – мемлекеттің қауіпсіздігі мен оның қуат-күшін   нығайтуға ықпал етуі тиіс. Мемлекеттің қауіпсіздігі мен әскери қуат – күшін нығайту оның тек техникалық жарақтануы мен экономикалық әлеуеттілігіне ғана байланысты емес. Әскери құрамалар мен бөлімшелердегі сардарлардың, сарбаздардың азаматтық әскери міндетін адал атқаруына, бөлімшелерде қалыптасқан тәртіп пен тәрбиелік деңгейге тікелей байланысты екендігі даусыз. Ал, әскери қызметке тартылған азаматтардың тәрбиелік әлеуеті отбасы мен қоғамдық тәрбиенің нәтижесі екені белгілі. Жас ұрпақты тәрбиелеуге тартылған субъектілердің, атап айтқанда отбасы иелері мен қоғамдық тәрбиені ұйымдастырушылардың мемлекет алдындағы жауапкершілігін заңдастыруды күн тәртібіне қоюдың кезек күттірмейтін мәселе екендігін мойындау қажет. Ата-ананың отбасылық міндеті мен парызы, мектеп пен қоғам алдындағы жауапкершілігі, мектептің, ұстаздардың мемлекеттік жауапкершілігі мәселелері күн тәртібіне қайта қойылуы тиіс. Қазақ халқы мемлекеттің иесі ретінде мемлекет алдындағы қоғамдық өз жауапкершілігін толық мойындай отырып, Қазақстандық патриотизм қалыптастырудың ұйымдастырушысы қызметін атқарады. Ол үшін қазақ және қазақстанды мекендейтін басқа да ұлттардың отбасыларындағы қалыптасатын ұлттық патриотизмнің Қазақстандық патриотизмге ұласуын қамтамасыз етудің басымдық ұстанымдарын заңдастыру қажет. Өйткені ұлттық патриотизм мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің шешуші факторы болып табылады.

3. Тәрбие - азаматтық тұлға қалыптастырудың кепілдігін қамтамасыз етуі тиіс. Ұлтына және тегіне қарамастан этностардың қазақстандық азаматтық униформасындағы (жан-жақты жетілген) тұлғасын қалыптастыру тәрбиенің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Ол үшін алдымен қазақ халқының этногенездік ерекшелігіне сәйкес келетін этноформа қалыптастыру басты мақсат етіп қойылуы тиіс. Қазақ этногенезіндегі этноформа дегеніміз- өз ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпында өмір сүретін, өз халқының тілін, білімі мен ғылымын, мәдениеті мен өнерін терең меңгерген, қазақ халқы мен мемлекет алдындағы азаматтық борышын адал атқаруға дайындығы мол, қажетінде ұлттық мінез көрсете алатын ұлттық тұлға қалыптастыру болмақ. Қазақ этноформасы қазақстандық униформаның негізгі үлгі эталоны болуы тиіс.    

4. Тәрбие - отбасы тәрбиесі мен қоғамдық тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз етуі тиіс. Біздің ойымызша алдымен отбасы тәрбиесін шешудің негізгі тетігі мемлекеттік дәрежедегі отбасы саясатын жасап, тәрбиенің ұлттық идеологиялық мазмұнына ендіру тиіс. Отбасы саясатының моральдық-этикалық және ар-намыс кодексін, қоғамдық-жауапкершілік ережесін жасап, оны практикалық қолданысқа беру қажет. Сонымен қатар отбасы саясаты мен отбасы тәрбиесін жүргізудің ғылыми-әдіснамасын жасаудың, әлеуметтік-педагогикалық шарттарын белгілеп алудың маңызы зор. Мемлекеттік деңгейде отбасылардың даму деңгейі мен болашағы, тәрбиелік әлеуеті мен мүмкіндіктері туралы жылдық есептер дайындап, мониторингілеу қажет. Үлгілі отбасы тәрбиесін насихаттау, оқулықтар мен тәрбие әдістемеліктерін молайту, бейне фильмдерді көбейтіп, жаңа технологиялық тәсілдерді кеңінен пайдалану маңызды роль атқармақ.

Қазақстан азаматының өркениеттік жаңа қоғам кеңістігіне шығуына лайықты руханияттық тұлға қалыптастыратын қоғамдық тәрбие жүйесін орнықтырудың кезі келді. Ол үшін әлемдік өркениет пен ұлттық мәдениеттің руханияттық құндылықтарына, ұлттық философиялық, этикалық, эстетикалық ілімдеріне, этнопедагогикалық тәрбие қағидаларына сүйенген жөн.   Барлық: мемлекеттік, қоғамдық, жеке меншіктік, саяси, діни-конфессиялық, жастар мен кәсіподақ құрылымдарының, әсіресе оқу орындарының қоғамдық тәрбиені ұйымдастыру шараларына араласу белсенділігін арттырып, жауапкершілігін кұшейту, қоғамдағы ізгіліктілік, адамгершілік, моральдық, этикалық және руханияттық тәрбиеге қажетті ұлттық мәдени құндылықтардың мүмкіндіктерін толық пайдалану, қоғамдық тәрбиені ұйымдастырудың ұлттық идеологиясының басымдық ұстанымдары мен ұлтаралық этникалық мәдениеттің сәйкестілік ахуалын қалыптастырудың тетіктерін іске қосу қажет. Шовинистік, діни экстремистік, космополиттік, нигилистік және басқа да біздің қоғамымызға жат көзқарастар мен ағымдардың қоғамдық тәрбие мазмұнына, ұлтымыздың зайырлы, парасатты, ізгілікті және демократиялық дамуына теріс ықпал етуіне жол бермеу керек. Әсіресе отбасы тәрбиесіне қоғам тарапынан әлеуметтік, саяси, экономикалық қысым көрсетілуіне жол беруге болмайды. Міне осылайша отбасы тәрбиесі мен қоғамдық тәрбиенің мемлекеттің мүддеге қызмет етуін қамтамасыз етуге болар еді.

Қазіргі тәрбиенің басымдық қағидалары :

  • Жас азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін қалыптастыру қағидасы. Өз бас пайдасын ойлауды басты қағидаға айналдырып алған қазіргі қоғам мүшелерінің отбасындағы, қоғамдағы азаматтық жауапкершілігі барған сайын төмендеп барады. Ата-аналардың өз балалары алдындағы, балаларының ата-аналары алдындағы жауапкершілігінің жоғалуына байланысты тастанды балалар мен қараусыз қарттардың көбеюі қоғамның дертіне айналып отыр. Қоғамдық жауапкершілігі жоқ ата-аналардың, оқушылардың, студенттердің, педагогтардың, мемлекеттік қызметкерлердің, т.б қоғамдық көзқарасындағы өзгерістер тәрбиеге антипедагогикалық нұқсан келтіруде. Ата-аналардың отбасылық жауапкершілігінің, ұстаздардың педагогикалық жауапкершілігінің, оқушылар мен студенттердің азаматтық жауапкершілігінің, мектеп пен басқа да мемлекеттік мекемелердегі басшылардың қызметтік жауапкершілігінің қоғамдық тәрбие талаптарына сәйкес келмеуі мемлекеттік заңдар мен қоғамдық тәртіптің жиі бұзылуына әкеліп соғатынын мойындау керек. Қоғамдық жауапкершідікке тәрбиеленбеген жас азамат қолындағы қаруын тастап әскер қатарынан қашады, отағасылық жауапкершілікке тәрбиеленбеген азамат өз отбасынан қашады, студенттік немесе шәкірттік жауапкершілікке тәрбиеленбеген жасөспірім өзі оқып жүрген оқу орнынан қашады немесе оқуға салғырт қарайды. Қоғамдық жауапкершілігі жоқ адам масылдық өмір сүреді, қоғамдағы паразиттік элементке немесе қоғамға пайдасы жоқ өз бас пайдасына қызмет ететін эгойст – менменшіл адамға айналады.

Сондықтан жас азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін қалыптастыру мәселесі басты тәрбие қағидасы болуы шарт.

  • Тәрбиеші-тәлімгердің әкімгерліктен, әміршілдіктен, педагогикалық культтен (жеке басқа табынушылықтан) арылу қағидасы. Тәлімгер шәкірттің ақылшысы, жолбасшысы, көмекшісі, қамқоршысы, жәрдемшісі болуы тиіс. Педагогикалық қызмет пен әміршілдік әдіс ешуақытта да өзара сыйымды бола алмайды. Әкімгерлік, әміршілдік және педагогикалық культ педагогикалық ұжымның моральдық-психологиялық ахуалын бүлдіріп, берекесін кетіреді. Салауатты білім мен салиқалы тәрбие берудің жолына кедергі жасайды. Тек ізгілікті, гуманистік және демократиялық нұсқада ұйымдастырылған оқу-тәрбие үрдісі ғана оңды нәтижеге жеткізбек.
  • Тәрбиенің индивидтік (тұлғалық) формасына басымдық беріп, екінші кезеңде ұжымдық тәрбиеге көшу қағидасы. Оқушының жеке басының психологиялық, физиологиялық, жыныстық, әлеуметтік, танымдық, нанымдық, сенімдік және ұғымдық деңгейлерінің әр текті екендігі ескерірілмеген күйде сыныптағы ұлдар мен қыздарға бір сипаттағы тәрбие шаралары жүргізілуде. Жеке оқушыны зерттеу, сараптау, бағалау, тәрбие шараларын белгілеу, оның жеке басының тәрбие нәтижесіне бағдарланған тәрбие шараларын жүргізу педагогикалық практикадан соңғы жылдары барған сайын қалып барады. Тәрбиенің нәтижесі ұжымдық тәрбиемен өлшенбейді, жеке азаматтың тәрбиелік деңгейімен өлшенеді. Өйткені нәтижеге бағдарланған тәрбие дегеніміз азаматтық тұлға – этноформа қалыптастыру.
  • Шәкірттің тәрбиеге құлықтылық (ниеттілігі, бейімділігі, ынталылығы, белсенділігі) дәстүрін қалыптастыру қағидасы.
  • Тәрбиеде аз шығын жұмсап, дәйекті нәтижеге жетуді мақсат ететін тәрбиенің өлшемін (білім, ғылым, тәжірибе, уақыт, еңбек, энергия) тиімді пайдалану қағидасы. Шәкіртті шаршау, мезі болу, жалығу тәрізді құбылыстардан, тәрбиенің теріс ықпалынан сақтау қағидасы.
  • Тәрбие нысандарын табиғат заңдылықтарымен ықпалдастыру қағидасы. Адам (жан мен тән) экологиясы, қоғамдық қарым-қатнас экологиясы, табиғат экологиясы біртұтас қаралуы тиіс.
  • Тұлғаның дамуы мен кемелденуінде кешенді үйлесімділік (адамилық, табиғилық, жаратылыстық, әлеуметтік - психологиялық, мәдени-эстетикалық, қоғамдық - этикалық) қалыптастыру қағидасы.
  • Ұлттық мүддеге бағындырылған мектептің дәстүрлі тәрбие жүйесін қалыптастыру қағидасы.
  • Үлгілі және қоланбалы тәрбие (моральдық кодекс, ар-ождан кодексі, мінез-құлық және қоғамдық тәртіп ережелері, ұлттық әдет-ғұрып және салт – дәстүр ережелері т.б.) ережелерін басшылыққа алу қағидасы.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Қазақстан Республикасындағы 2015 жылға дейінгі білім беруді дамытудың тұжырымдамасы /Алматы, Білім әлемі, 2004 /
  2. Қазақстан Республикасындағы 2006-2011 жылдарға Білім беру жүйесіне арналған мемлекеттік кешенді тәрбие тұжырымдамасы, /Астана, 2006/
  3. Ушинский К.Д О народности в общественном воспитании. (Пед.соченение, сос. С.Ф. Егорова) /Москва Педагогика, 1988/
  4. Аль-Фараби. Избрании трактатии /Алматы, Ғылым, 1994/
  5. Баласағуни Ж. Құтты білік /Алматы, 1987/
  6. Құнанбаев А. Қара сөздер /Алматы 1993/
  7. Уәлиханов Ш. Собр. Соченения в 5 томах /Алматы 1972, т.І, с 391/
  8. Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы. /Алматы Қазақстан 1994/
  9. Қожахметова К.Ж. Мектептің ұлттық тәрбие жүйесі: Теория және практика /Алматы, 1997 РБК/
  10. Жұмабаев М. Шығармалар /Алматы, ІІ т, 1993/
  11. Аймауытов Ж. Психология /Алматы Рауан 1995/

Алма Қыраубайқызының «Сенім» авторлық бағдарламасы

Автордан

Қазіргі қазақ баласының бойындағы бір кемшілігі – өзіне сенімсіздік, жасықтық мінез. Баяғы Қазтуған мен Шалкиіз заманындағы қазақ мінезінен «Буыршынның бұта шайнар азуы» деп сезінген өрлік пен өр рухты көреміз. Сенімсіздікті қалыптастырған екі ғасырлық құлдық психология мен әміршіл жүйе болатын. Енді дәстүрлі қазақы тәрбиеміздің өміршең үрдістерін қазіргі заман ағымына үйлестіре алмай жатырмыз. Дәстүр құндылығы бір басқа да, уақыт құндылығы бір басқа. Бала санасында қазіргі қазақ азаматының рухани моделі қалыптаспағандықтан, сенімсіздік комплексіне ұшырайды.

Ал өзге тілде тәрие алған балада ұлттық мәдениетін білмеуден туған сенімсіздік бар. Сондықтан, ендігі тәрбиенің алдында тұрған зәру мәселе – қазіргі қазақ азаматының мінезін қалыптастыру. Өркениет әлеміне Қазақ құбылысы болып кіретін азамат дайындау. Ол, ең әуелі, өзіне сенімді адам. Өркениет әлеміне шығуға дайын адам ғана өзіне сенімді бола алады. Біздің бағдарламамыз хал-қадарынша осы мақсатқа қызмет етеді.

Бұл бағдарлама бойынша тәрбие ұлттық негізде жүреді. Ұлт ретінде қалыптастырған жақсы қасиеттерімізді сіңіріп, оны заманға қарай дамыту. Бірақ ұлттық шеңберден қамал соғып алып, өркениет жаққа қарай жасқана көз салғаннан гөрі, көтеріле түсіп, әлемдік деңгейден ұлтымызға көз салуымыз жөн дейміз.

Мектебіміздің оқытудағы ескі авторитарлық қалыптардан шығатын да кезі келген секілді. Ол үшін мектептің ішкі жүйесі мен мазмұны өктем қатынастарды қажет етпейтіндей болып құрылуы керек. Сонда нағыз еңбекқор мұғалімнің жұмысы жарқырай түспек.

Біздің бағдарламаның бағыты: «Мен сенің жақсы болуыңа көмектесемін».

«Мектептің жақсы жұмыс істейтіндігінің белгісі – баланың ықыласы» деп білеміз. Шәкір пен ұстаз арасындағы қарым-қатынас адамгершілікке құрылады.

«Сенім» бағдарламасы бойынша мұғалімге көзқарас.

Мұғалім тергеуші емес, үйретуші. Тәртіпке салып қоюшы емес, рухани өсіруші. Баланы қызықтыру арқылы ерте білетін адам балаға нені үйреткісі келсе, соны өзі көрсетеді. Баланың қазақ деген ұлы халықтың ұрпағы екеніне, қазақ жерінде тұратындығына мақтаныш сезімін қалыптастыру – мұғалімнің абыройлы ісі.

Шәкірттің ой-өрісі мен сезімін тәрбиелеуде ертегі-аңыз, ән-күй, хаттың рөліне үлкен мән беріледі:

-  ертегі-аңыздарды толассыз құлаққа құйып отыратын арнайы сабақтар болады: «Тілашар», «Елтану», грек-рим мифологиясы, қазақ аңыздары, ұлы адамдар өмірі;

-  сабақ, үзілісте ән-күй, жыр, әлемдік музыка кеңінен қолданылады;

-  ұстаз бен шәкірт арасында «Үшбу хат» жазылады.

Тәрбиенің негізі үш саладан тұрады:

  1. Еңбекке үйрету
  2. Жауапкершілікке үйрену
  3. Ой-қиялын шарықтату

Адамның бүкіл өмірі – еңбектену. Тіпті демалғанда да еңбектенеді. Алдағы еңбекке күш жинау үшін еңбектенеді. Баланы еңбектенуге үйрету – тәрбиенің өзегі. Бағдарламадағы рейтинг жүйесі осыны көздейді. Қазіргі бағамыз бала еңбегін толық бағалай алмайды деген ойдамыз. Ол алға ұмтылдырудан гөрі, сын мен қорқыныш таразысына салады.

Бағдарлама бойынша жұмыс істейтін мектептің мақсаты:

-  Баланы жасытпай оқыту, бұйығылықтан құтқару, сенімсіздік комплекстерін жою;

-  Адамның ішкі еркіндігі мен әлеуметтік қатынастарға ыңғайлылығын қатар дамыту;

-  Мектеп ішіндегі өміршілдік пен өктемдікті қажет етпейтін құрылымды қолдану;

-  Саясаттандыруға ұмтылмайтын, мәңгілік құндылықтарды меңгеруге тәрбиелейтін мектеп.

Ақыл-ой тәрбиесінің мақсаты:

-  Мемлекеттік базалық білім мазмұнын беру;

-  Культурологиялық бағыттағы пәндерді тереңдете оқыту.

Қазақ және әлем мәдениеті

-  Шәкірттің өз идентативін дамытуына жағдай жасау;

-  Ойлай білу және өзіндік пікір айту қабілетін дамыту;

-  Белсенді қызығуын дамыту.

Жан тәрбиесі

-  Баланың өзіндік «Мен»ін анықтауына көмектесу;

-  Қарым-қатынас мәдениетіне үйрету;

-  Кісілік, парасаттылық;

-  Жан-жақтылыққа;

-  Салауатты өмірге;

-  Имандылыққа тәрбиелеу;

-  Дене мәдениеті – жан тәрбиесімен бірлікте қарастырылады.

Баланы сенімсіздік комплекстерінен шығару құралдары

Хат жазысу. Шәкірт пен ұстаз арасында терең байланыс орнатуға, түсіністікке, достық қарым-қатынасқа тәрбиелейді. Баланың креативті-шығармашылық мүмкіндіктерін ашады.

Практикалық бейнелеу сабақтары сандық түсініктен – сапалы түсінікке әкеледі. Көркем өнерге, шығармашылыққа тәрбиелейді. Көркем бейнелер арқылы оқыту бала қиялын дамытады. Жан сезіміне әсер етіп, рухтандырады. Бұл сабақтарға: пән мұғалімі, драма жетекшісі, музыка, қолөнері мен бейнелеу өнері мұғалімдері бірдей қатысады.

Музыка – мектеп өмірінде мәнге ие. Үзіліс, практикалық-бейнелеу сабақтары, жалпы сабақтар музыкамен тығыз байланыста болады. Баланың ашылуына көмектеседі.

Мектепбала шығармашылығын дәріптейді. Шәкірттің өлең, сурет, қолөнер т.б. шығармашылығы көп алдында күнделікті шығарылып отырады.

Сөйлеу және қарым-қатынас мәдениетін үйрету. Пікірталастар, баяндамалар жасау, реферат, шағын ғылыми жұмыстар қорғау – негізгі мәнге ие. Әдеп сабағы да осы мақсатқа қызмет етеді.

Шығармашылық және «Би мәдениеті» кештерінде баланың өзін ортада қымсынбай, еркін ұстап үйренуіне қолайлы орта жасалады.

Киіну мәдениетін қалыптастыру. Талғаммен киіне білу – адамның өзіне сенімді болуының кепілі.

Ырғақ, дене мәдениеті, би мәдениеті сабақтары баланың денесін игере алмаудан туған сенімсіздігін жою.

Бала және табиғат

Жекелеген сабақтардың табиғат ортасында өтуі жоспарланады. Бір күні түгелімен табиғат аясында өтетін «Көшпелі сабақтар» болады. Мектеп ауласы тек үзілісте уақыт өткізетін орын ғана емес, баланың табиғатпен араласуына қызмет ететін орын. Аула – шағын өсімдіктер және хайуанаттар әлемінің рөлін атқарады.

Баланың «мен»-ін сыйлау

Баланың өзін-өзі тани білуіне көмектесу және ішкі «мен»-іне құрметпен қарау – міндет. Шәкіртпен қарым-қатынастағы сыйластық сөздер: мырза, бикеш. Мысалы: Айдар мырза, Ләйла бикеш. Ұстаздарға: бике, бибі, мырза. Мысалы: Болат мырза, Сәуле бикеш, Алма бибі.

Топтық басқару

Онда әртүрлі жастағы шәкірттер қызығуы, психологиялық сыйымдылығы, мінез ерекшеліктеріне қарай бөлініп, аға-інілік қарым-қатынаспен жұмыс істейді. Бұл ұялшақ, әлсіз балалардың өзін сенімді сезінуіне көмектеседі. Басқаруға, маңындағы жасы кішілермен санасуға үлкенге – құрмет, кішіге – ізет мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдеседі. Топтағы балалар белгілі бір мерзімде орын ауысып отырады. Субъективті қатынастарға көп мән беріледі.

Мектеп – тәрбиелі отбасының үлкейген моделі

Мектеп ішінде тәрбиелі отбасындағы қатынастар моделі жасалады. Отбасының тәжірибелі басшысы бар. Отбасы сол басшылыққа жүгінеді. Сыйластықты, жылы ұя. Ұяның әр мүшесі өз жұмысын біледі. Әрқайсысы отбасының тыныштығын сақтауға мүдделі болады.

Бала еңбегінің бағалануы

  Бала еңбегін бағалауға рейтинг жүйесі қолданылады. Ол демократиялық қатынастарды орнатуға қызмет етеді. Мақсаты: бірінші орында баланың қабілетінен гөрі еңбектенуі тұратындығында. Тынымсыз еңбек қабілетті дамытады. Рейтинг жүйесі бойынша:

  1. сабаққа қатысуы; 2) даярлығы; 3) тапсырманы орындауы; 4) өзіндік жұмысы; 5) ынтасы; 6) сабақтағы жауабы.

«Екі» деген баға болмайды. (Бірінші қосымшаға назар аударыңыз)

Үш сатылы бағдарлама

Шәкірттердің білімді меңгеру мүмкіндігіне қарай үш сатылы бағдарлама жасалады.

1) Базалық білім бағдарламасы. 2) Жоғары бағдарлама. 3) Өте жоғары бағдарлама.

Еңбектену арқылы жоғары өрлеу перспективасы ашық.

Мұғалімнің жұмыс нәтижесі

Шәкірттің:

-  өзін еркін сезінуі;

-  сабаққа қызығуы;

-  білімі;

-  жоғары және өте жоғары бағдарламаны меңгерген оқушылардың көп болуы, олармен:

-  адамшылық қарым-қатынасы;

-  мәдениеттілігімен бағаланады.

Мұғалімге қажетті қасиеттер:

-  жылылық;

-  түсінгіштік;

-  сезімталдық;

-  кең ойлай алуы;

-  баланы шабыттандыра білуі;

-  балаға адам ретінде қадірлі болуы;

-  сабағының қызықты әрі пайдалы болуы;

-  шығармашылық ізденісі.

Мұғалімнің түпкі мұраты: баланың рухани өсуіне басшылық жасау. Рухани өсіру дегеніміз:

-  кісілік қасиетін дамыту;

-  шығармашылық қабілетін дамыту;

-  дүниетанымын кеңейту.

Мүғалім еңбегінің саралануы

Әр тоқсан сайын шәкірттерге сауалнамалар беріліп, қорытындыланып отырады. (Екінші қосымшаны қараңыз)

Мұғалім келісім-шарт арқылы қабылданады.

Келісім-шарт бір, үш, бес және одан ары қарайғы уақытқа жасалады. Қабылдау кезінде ауызша және жазбаша сауалнамалар қолданылады. (Үшінші қосымшаны қараңыз)

Жиырма тоқтам

  Мектепке қабылданған мұғалімге жиырма тоқтамнан тұратын нұсқау беріледі. (Төртінші қосымшаны қараңыз)

Мұғалімнің сабақты жоспарлауы

Күнтізбе жоспары ғана талап етіледі. Күнбе-күнгі сабақ жоспары міндетті емес. Шығармашылық ізденісіне жол беріледі.

Адамгершілік қарым-қатынас – мектеп өмірінің өзегі

Мектеп басшылығы мен ұстаздар арасында және ұстаз бен шәкірт арасында адамгершілік қатынас, түсіністік, мәдениетті орта жасалады. Әміршілдік пен өктемдікке қажеттілік жойылады.

Ж.Өтеев. «Алтын көмбе» бағдарламасы

 

Атаулы мектеп негізінен оқушыларға, ұстаздарға, ата-аналарға, жалпақ жұртқа қайта құру заманына сай сан ғасырлар бойығы тәжірибесімен жинақталып, қордаланып келген мол мұраны әлетке жаратуға, пайдалануға қызмет етеді.

Қазақ халқының қасиетті ұлтын, философ ұлыстың тәрбие саласындағы небір інжу-маржандары тағылымдары отарлау саясаты барысында, саяси әкімшілік кезеңдерінде жалған ұран, жадағай айғай тұсында мүлде азғындады, жоғалып та тоналып та бітті. Ежелгі халық педагогикасы жарамсыз деп танылып, күл – қоқыстай күреліп тасталынды.

Бірақ ол өзінің естелігімен, өміршеңдігімен қара нардай қайсарлығымен бойымызда сақталып, ойымызға оралып, қазақ қанымызды түйіршік түрінде белокты денелердей өмір сүріп, әл беріп нәр беріп жатыр. Сондықтан оны жандандыру «Ештен кеш жақсы» дегендей қайта қолға алу, түрлендіріп өскелен өмір талабына үйлесімділіерін әлетке жарату – азбас адамдық болып табылмақ. Ол үшін халық педагогикасының тиімді тәсілдерін оқу-тәрбие жұмысына шебер жымжастырып, ұтқыр ұластыру ләзім. Сондықтан атаулы мектептің міндеті мен мұраты нақты мына мәселелерді шешуге, оның уәдесінен шығуға қызмет етеді.

Халықтық педагогикадан білім беру, дәрістер өткізу, лекциялар оқу, курстар ұйымдастыру, халық педагогикасы оқулығын жасаушыларға негіздер қалау.

Халық педагогикасының арналары мен салаларын танып, біліуге, үйрету. Оның объектілеріне не жататындығын көз жеткізу.

Адамдардың, қоғам мүшелерінің, жас жеткіншектің ой санасын жақсарту. Адам санасын жақсарту. Адамгершілік ізгілік рұқтарын себу.

Әр пән жемісін өз мамандықтары мүмкіндігі мен ерекшелігіне сәйкес халық педагогикасын пайдалануына жол ашу, ой түрткі болу.

Аудан, мектеп өміріне сәйкес халық педагогикасын қолданудың тиімді тәсілдері мен жоспарлануына жол ашу.

Осы жұмыстарды ғылыми негізде басқаруда, жүргізуде творчестволық топ құра отырып жақсы нәтижелерге қол жеткізу.

Әр мектептегі, әр мұғалімдегі озық тәжірибеге үлкен ілтипатпен қарап, ұжымдық қолдау дәрежесіне көтерілу.

Халықтық ұлттық мерекелер мен ұлттық өнер тармақтарын кең өрістету. Оның жас ұрпақ бойына қалыптасуына, үйренуіне ұйтқы болу.

Қазақ тілі беделі мәртебесі өсуіне күш салу.

Халық бойындағы асыл мұра, қазыналарды игеруге, ұмытылған салт-дәстүрлерді жаңғырту халық педагогикасын ғылыми түрде зерттеуге қадамдар жасау.

Орталығы Қарасаз мектебі ой болып отырған «Алтын көмбе» халық педагогикасын Райымбек ауданы оқу ағарту мен идеялогия саласының жемісті еңбегін қамтамасыз етіп, абыройын асыратын облыс, республика көлеміндегі атаулы мектеп дәрежесіне жеткізу.

Халық педагогикасының кең көлемде насихаттау шаралары

  1. Плакат, озат тәжірибе етіп шығару.
  2. Аудандық «Советтік шекара» газетіне.

«Қазына көзі –халық педагогикасын үйренейік» рубрикасын ашу, материалдар әзірлеу.

  1. Аттестация мен жыл қорытындысында халық педагогикасының еңбектенген жеке класс жетекшілер мен мұғалімдерді тұтас коллективті мадақтау мен марапаттау.
  2. Халық педагогикасы тақырыбын ынталандыратын, ұлғайтатын конкурстар мен бәйгелер белгілеу және оны ұйымдастыру.
  3. Ж. Өтеев атындағы халық педагогикасы атаулы мектебінің әр жылғы отырыстарын насихаттап аудандық, облыстық газеттерге материалдар беріп отыру.

«1000 бала» балалар ұйымы

«1000 бала» балалар ұйымы қоғамдық бірлестік Жарғысы Құрылтай жиналысында қабылданған

 № 1 хаттама 18.02.1999 ж.

I тарау

Қоғамдық бірлестіктің аты, пәні және қызмет мақсаттары:

Алматы обылысының «1000 бала» балалар ұйымы (бұдан былай ұйым деп аталады)- мектеп жасындағы балаларды»ерікті қоғамдық бірлестігі.

Ұйым жергілікті қоғамдық бірлестік стандартына ие бола отырып, Алматы облысының бүкіл териториясында Бала құқығы туралы Конвенцияға, Қазақстан Республикасының Конститутциясына, заңдылықтарға және осы Жарғыға сай іс-әрекет етеді.

Ұйым былай аталады:

-қазақ тілінде - Алматы обылысының «1000 бала» балалар ұйымы қоғамдық бірлестігі;

-орыс тілінде –общественное обьединение «Детская организация «1000 бала»Алматинской области;

Ұйым «Отан үшін, ел үшін, атамекен жер үшін!»ұранымен өмір сүреді және еңбек етеді.

Ұйым мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап, заңды тұлға құқығына ие болды.

Ұйым мақсаты:

Саналы Қазақстандық патриотизм сезімін, ұлттық жәдігерліктер, мемлекеттік рәміздер мен нышандарды құрметтей білу біліктілігін қалыптастыру;

ұлттық мәдени құндылықтар мен идеяларды, Отан тарихын, рухани және ізгілікі байлығымызды, еліміз халықтар мұрасын насихаттау;

жеке тұлғаны ел президентінің Қазақстан халқына Жолдауы рухында жан-жақты тәрбиелеу;

балалар мен жеткіншектерге экономикалық білім беру мен тәрбиелеу;

Жас азаматтардың бойында экономикалық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты, оның байлықтары мен ресурстарын қорғау.

Ұйым міндеттері:

экономикалық танымдық көзқарас, іскерлік, белсенділік пен кәсіпкерлікті қалыптастыру бағдарламасында мектептен, сыныптан тыс үйірмелер ұйымдастыру;

-  оқу- әдістемелік анықтамалық әдебиеттер және материалдармен қамтамасыз ету;

-  қайырымдылық акцияларын өткізу;

этно-мәдениеті бойынша олимпиядалар, семинарлар және басқада іс-шаралар ұйымдастыру;

-  салауатты өмір салтын насихаттау.

  1. 1.Ұйымның қызмет пәні.

-  обылыс балаларын қоғамдық ұйымға бірігу құқыларын жүзеге асыру;

Жеткіншек ұрпақ бойында қоғамның демократияландыру процесіне қатысу мәдениеті мен тілегін, және дағдысын қалыптастыру.

  1. 2.Ұйым ақпараттық – баспагерлік қызметті жүзеге асырады, оқу –әдістемелік және анықтамалық әдебиеттер, көрнекі құралдар т.б. баспа-полиграфиялық өнімдер шығарады.
  2. 3.Ұйымның қызметі төмендегідей принциптерге негізделеді:

-  мүшелікке кіру мен қатарынан шығарудың еріктілігі;

-  жариялық;

-  ұйым мүшелерінің тең құқұқтығы;

-  өзін-өзі басқару;

-  өзін-өзі қаржыландыру;

ІІ тарау

Мүшелілік құқықтары мен міндеттері

2.1. Ұйымнвң жарғысын орындайтын және Алматы обылысының территориясында тұратын немесе оқитын 12 жастан 16 жас аралығындағы кез-келген бала мен жас жеткіншек ұйымға кіре алады.

2.2.Ұйымға қабылдау және одан шығу туралы шешімді дружина Кеңесі қабылдайды.

2.3. ұйымда құрметті мүше институты белгіленеді, бұл атақ балалар қозғалысына міңірген еңбегі үшін,ұйым жұмысына қосқан жеке үлесі үшін ізгілікті ындаландыру ретінде беріледі.

2.4. Ұйым мүшелерінің мынадай құқықтары бар ;

- ұйымды басқару органдарының барлық қызметтік лауазымдарына сайлануға;

- ұйымның іс-әрекетіне қатысуға, ұйымның кез-келген органына өтініш арыздармен сұрақтармен, ұйымнын іс-әрекетін ұйымдастыру мен баруға;

-ұйымнан ерікті түрде шығуға.

2.5. Ұйым мүшелері міндетті:

- ұйым жарғысы ережелерін сақтауға;

- ұйымның дамуына, оның жұмыс тиімділігінің артуына ықал ету;

- ұйымның басқа мүшелернің мүделерін құрметтеу және құқыларын мойындау;

- ұйымның мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыруға қатысу;

- Сайланбалы органдардың шешімдерін, белсенділер мен тәлімгерлердің тапсырмасын орындау.

2.6. Ұйымнан шығу мына жағдайларда орын алуы мүмкін:

- жасына байланысты;

-өз қалауына байланысты;

Ұйымнан шығарған жағдайда.

2.7. Ұйымнан шығу- Ұйым жарғысын, белгіленген тәртіп пен ережелерін бұзғандығы үшін ең жоғарғы түрі ретіде ұйым мүшелеріне қолданылады.

2.8.Ұйымнан шығу туралы шешімді дружина Кеңесінде қабылданады.

2.9. Ұйымнан шығу мәселесі туралы қорытынды шешім Ұйымның қалалық, аудандық Кеңесінде қабылданады.

Последнее изменение Пятница, 21 Июль 2017 11:03
Другие материалы в этой категории: « «Біз пір тұтқан тұлғалар» Ұстаздық еңбек »

Оставить комментарий

Убедитесь, что Вы ввели всю требуемую информацию, в поля, помеченные звёздочкой (*). HTML код не допустим.


Уроки создания сайта.