Әбілсағит Садуақасұлы, ғалым, "Дәстүр" ұлттық тәрбие бағдарламасының авторы

Қазіргі таңда Қазақстан білім беру жүйесіндегі тәрбиені ұлттық үрдіске жетелеудің шаралары мен амалдарын ұйымдастыру ықтияттылықпен жүргізіліп отырғанымен, елімізде қалыптасып келе жатқан әлеуметтік - экономикалық ахуал әлемдік жаһандану үрдісіне жетелеп, еуроамерикандық технократтық білім мен тәрбиенің бел алуына жол ашуда. Ал, ол өз кезегінде халқымыздың ұлттық тәрбие нысандарының эволюциялық дамуына залалын тигізуде. Классикалық педагогиканың негізгі теориялық және қолданбалы принциптерін кеңестік кезеңнің коммунистік ұстанымдары мен қағидалары талаптарында пайдаланудың келмеске кеткендігі белгілі. Қоғамдық қарым-қатнастардың түбегейлі өзгеруі қоғамдық тәрбиені, әсіресе мектептегі тәрбиені ұйымдастырушылардың елеулі дағдарысқа ұшырауына әкеліп тірегендігі анық байқалып отыр. Әсіресе қазіргі егеменді елге қажетті (?!) тәрбиенің мақсаты мен міндеттерін, ұстанымдары мен қағидаларын белгілеуде қатерлі адасушылықтардың етек алып бара жатқандығы айрықша көрінуде.

«... Теорияда да, іс жүзінде де барлық халықтарға ортақ тәрбие жүйесі жоқ. Әр халықтың тәрбие жүйесі өзінше ерекше түзілген. Сондықтан да бір халық екінші халықтың тәрбие жүйесін пайдалана алмайды. Соншама тартымды да үлгілі болғанымен бір халықтың тұрмыс тіршілігіндей екінші халық өмір сүре алмайтыны тәрізді жақсы ойластырылып ұйымдастырылған бөтен педагогикалық жүйеде басқа халықтың тәрбиеленуі мүмкін еместігі анық...», «Біздің тәрбиені ойлап тапқымыз келетіні бос әурешілік..., тәрбие орыс халқында, халықтың өзі қанша өмір сүрсе, тәрбие де сонша ғасыр өмір сүреді..., өз тұрпатында бүкіл тарихын, бүкіл жақсы және жаман қасиеттерін бейнелейді» - деп жазды К.Д.Ушинский. Ол, білім мен тәрбиенің қажетті, ұнамды және қызықты түрлері туралы жаза отырып, ұлтқа алдымен қажетті білім мен тәрбие берілуі тиіс екендігін баса айтады. Қажетті білім мен тәрбиені бойына толық сіңірген ұрпақ қана «ұнамды» әлде «қызықты» тәрбие мен білімді менгеруге ұмтылуға тиіс екендігін ескертеді.

Қай халық та өзінің ұлттық психологиялық және халықтық тәлім-тәрбие қазанында қайнап, жетілуі тиіс. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік ұлттық тәрбие жүйесінің мазмұны да қазақ этнопсихологиясы мен қазақ этнопедагогикасының тәлімдік үстанымдары мен тағылымдық қағидаларына сәйкес түзілуі қажет. К.Д.Ушинскийдің жазып отырғаны да осыны дәлелдейді.

Қай халықтың да тәлім-тәрбие мазмұны өзінің көпфакторлы, көпсатылы, дәстүрлі этнопедагогикалық құрылымымен ерекшеленеді. Ол көп ғасырлық тарихына сүйене отырып, жан-жақты, ұдайы, үдерісті жетіліп, толысып отыратын динамикалық процесс. Қоғамның әлеуметтік, саяси, экономикалық қарым-қатнастарының өзгеріп отыруына байланысты тәрбиеде де жаңа қоғамдық көзқарас талаптары пайда болады. Қоғамдық көзқарастардың ықпалы арқылы тәрбие мазмұны да белгілі тарихи толымдылық ерекшелікке ие болады. Қоғамның әрбір тарихи даму кезеңіне сәйкес тәрбиенің жаңа мақсаттары мен міндеттері белгіленіп, жүзеге асырылады. Міне сондықтан да Қазақстан мектептеріндегі ұлттық тәрбие нысандары мемлекеттік деңгейде басымдық қызмет атқаруы тиіс, өйткені ол ұлтымыздың өркениетті дамуының рухани әлеуетінің бұлжымас ірге тасын қалайды. Болашақ ұрпақтың мәдени және рухани-интеллектуалдық болмысын қалыптастырады. Еліміздің қоғамдық-әлеуметтік құрылымының күрделі де үдерісті дамуы қоғамдық тәрбиенің, әсіресе отбасындағы тәрбиенің ұлттық мазмұнына тікелей байланысты екені даусыз.

Қазақстан Республикасы зайырлы, әрі көпұлтты ел ретінде ұрпақ тәрбиесінің мазмұндық құрылымына бір жақты қарай алмайды және екінші жағынан мемлекеттің иесі ретінде қазақ халқының атқарар қызметінің мемлекеттік дәрежеде мойындалуының маңызы зор және қазақ халқының ұлттық тәрбие ұстанымдарын басшылыққа алуы тиіс. Қоғамға қажетті ұлттық тәрбие моделін жасауда қазақ этнопедагогикасына сүйенуі тиіс, бұл еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылудың руханияттық кепілдігін жасаудың алғышарты болып табылады. Ал ұлттық тәрбие моделі алдымен ұлттық тәрбие мазмұнының стратегиясы мен тактикасының, ұлттық қоғамдық-әлеуметтік мүддеге сәйкетігінің, мақсаты мен мұратының, басымдық тәрбие бағыттары мен тәрбие қағидаларының, мемлекеттік дәрежеде орындалуға тиісті тәрбие міндеттерінің, пайдалану парадигмаларының құзыреттілігімен анықталады. Бізге ешқандай бөтен елдің, басқа халықтардың тәрбие моделі үлгі бола алмайды. Әр халықтың өзіндік генетикалық, этнопсихологиялық, тарихи - әлеуметтік қалыптасу ерекшеліктеріне тән туындап отыратын проблемелары мен ұрпақ тәрбиесіне арналған моральдық - этикалық ережелері бар. Бір халықтың тәрбие проблемалары екінші халыққа тәрбие проблемасы бола алмайды. Әр халық тәрбие жолын өзі таңдап алады. Оған бөтен халықтың араласуға, ықпал етуге құқы жоқ.

Егеменді ел аталып, тәуелсіздікте өмір сүре бастаған, бірақ толық қоғамдық кәмелеттікке қолы жете қоймаған қазіргі біздің қоғамымыздың болмысында феодализмның, социализмнің және қазіргі анықталмаған капитализмнің қоғамдық қарым – қатнастары араласып, шешуі аса күрделі педагогикалық проблемеларды алға тартып отыр. Қазақ, орыс, аралас және басқа да ұлттық мектептерде мемлекеттік тәрбие тұжырымдамасының басшылыққа алынып отырғандығына қарамастан әртүрлі діни конфессиялық, еуропалық, американдық, ресейлік т.б. бағыттағы тәрбие нысандарына «қызығушылықтың» етек алып бара жатқандығы жасырын емес. Әсіресе әсіреқызыл космополиттік жолға түскен технократизмнің әуесқойлары «жаттанды білім» мен «тәрбие бостандығын» жас ұрпақтың санасына тоғытуда.

Осы тұрғыда біз халқымызға, оның білім беру жүйесіндегі жасұрпаққа берілетін ұлттық тәрбиенің этногенездік ерекшеліктерін анықтап алудың маңызы зор деп санаймыз:

Біріншіден, - қазақ хадқының басты этногенездік ерекшелігі оның ежелгі түркі жұртының мызғымас мұрагері екендігінде. Ендеше қазақ халқы ұрпақ тәрбиесінде ғасырлар бойы қалыптасқан түркілік ұлттық тәрбие жолынан айнымауы қажет. Әдеті мен ғұрпы, салты мен дәстүрі әлмисақтан жарасып келе жатқан түркі халықтарының ұрпақ тәрбиесінде бірінің екіншісіне жаттығы жоқ, қайта ғасырлар тоғысында береке бірлігі нығая түсіп, ғаламдану үдерісіне төтеп бере алатын руханиятты үрдіске айналып отыр. Қазіргі таңда жер шарында 250 миллионнан астам адам түрік тілінде сөйлейді. Түрік әлемін 36 ел құрайды. Оның ішіндегі 6 ұлт дербес мемлекеттер ретінде өз тәуелсіздігін жариялап, біріккен ұлттар ұйымының құрамына еніп отыр. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Әзірбайжан және Түркия Республикалары. Ал қалған түрк жұрттары Ресей Федерациясының (Татар, Башқұрт, Саха, Алтай, Құмықтар мен Қарашайлар, Ноғайлар мен Гагауздар, т.б. Кавказ және Сібір халықтары) мен Қытай Халық Республикасының құрамындағы (Ұйғырлар, Қидандар мен Қимақтар т.б.) автономиялық республикалар, облыстар және аудандар дәрежесінде өмір сүруде. Оған ертеде Еуропаға қоныс аударған арийлерді, мадиярлар мен бұлғарларды түрік жұрттарын қосу қажет. Сондықтан көк түріктің ғасырларды көктей өткен бабалар дәстүрін киелі аманат ретінде болашақ ұрпақтарымызға тапсыру біздің міндетіміз.

Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?

Түрікке адамзатта ел жеткен бе?

Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,

Тұранның ерлеріне ер жеткен бе? – деп, Мағжан Жұмабаев болашақ ұрпақтың санасына ұлттық патриотизмнің ұрығын сепкен.

Екіншіден, Қазақ – Азиялық халық. Ғасырлыр бойы Еуразия материгін көктей жосып, көшпенді өмір сүрді. Қытай, Парсы, Орыс, Мұңғыл, Корея, Жапон, Үнді мәдениетімен, олардың әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен шендесіп, араласып, біте қайнасып отырды. Тәрбие дәстүрлері үндесіп жатқан халықтар. Қытайдың ұлы философы Кан Фу Ци уағызындағы қытайдың ұлттық моральдық ұстанымдары туралы ережелері мен Түркілік Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білігіндегі» тәңірге, аруаққа табынушылық нанымдарының біртектілігіне, ата-ана мен үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мейірімділік ұстанымдарының тәрбиелік категорияларының философиялық тегінің бір негізден тарайтындығына қол қоймасқа болмайды. Оған қазақ даласының абыздары мен ғұлама ойшылдарының этикалық қағидалары үндесіп жатуы бекер емес. Демек, қазақ халқының ұрпақ тәрбиесінің этногенезі Азиялық халықтарға тән екендігі даусыз. «Шығыс жолбарысына» айналған Сингапурдағы экономикалық ғажайып- тың атасы Ли Куан Ю: «Біз батыстың моральдық құндылықтарын ойланбастан қабылдайтын болсақ қоғамымызды ұстап тұрған құдіретті күштен айырыламыз» - деп есептейді. Ал, моральдық құндылықтардың мектепте егілетіндігін, оқу-тәрбие процесінің мазмұнына түбегейлі өзгеріс енгізетіндігін пайымдау қиын емес. Қандай да болмасын халықтың қоғамдық құдіретті күші оның ұлттық моралінде, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінде екендігін, ол халықтың педагогикалық дәстүрлі үрдістер арқылы берілетінін жадыда ұстау, одан айнымау басты шарт.

Үшіншіден, Қазақ халқы он екі ғасыр бойы ерікті түрде ислам дінін ұстанып келе жатқан, ислам шариғаттарының имандылық қағидаларымен ұрпағын тәрбиелеп отырған ел. Қазақ халқы үшін ислам қағидалары мен ежелден қалыптасқан тәңірге табынушылық нанымдарының біртұтастығы ұрпақ тәрбиесінде де мықты орын алып отырғандығының айрықша маңызы бар. Бұл ұстанымнан бас тарту ұрпақ тәрбиесінің болашағына күмән келтірумен парапар болмақ. Өйіткені әрбір қазақ отбасында қалыптасқан ислам шариғаттарының тәрбиелік мазмұнын қоғамдық тәрбие үрдісінде жоққа шығарудың кеңестік кезеңде қаншалықты моральдық азғындыққа ұрындырғаны ересек ұрпақтың жадында. Қазақ-орыс аралас мектептерінде, әсіресе орыс мектептерінде оқитын қазақ балаларын басқа діннің ықпалынан сақтау қазіргі таңда өзекті мәселе. Орыс мектебінде оқитын қазақ балалары славияндық үлгіде тәрбиеленуде. Қазіргі таңда үлкен қалалардағы қазақ отбасыларында бірнеше діннің өкілдерінің «ар-ождан бостандығы» желеуімен «бейбіт қатар» өмір сүруі барған сайын өріс алуда. Олар үшін тіл тазалығы, діл тазалығы және дін тазалығы күн тәртібіне қойылмаған мәселе. Демек, бұл мемлекеттік деңгейдегі ұлттық тәрбие саясатында қайта қаралуға тиісті ең өзекті мәселе деп санау қажет.

Тәрбие қандай мемлекеттік міндеттерді атқаруы тиіс?

1. Жас ұрпаққа берілетін тәрбие алдымен мемлекеттік мүддеге қызмет етуі тиіс. Мемлекеттік мүдде деп отырғанымыз Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен егемендігі үшін ғасырлар бойы күресіп, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының ұлттық мүддесі екендігін ашық айту қажет. Қазақ халқының ұлт ретінде сақталуы, ұрпақ сабақтастығын ұлттық үрдісте үдерісті жалғастыруы- өзекті мәселе. Сондықтан да Қазақ халқының ұлттық мүддесі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүддесі болып табылады. Өз тәуелсіздігін қорғап қалған қазақ халқының мемлекеттілігін баянды етудің ең маңызды және тура жолы тамырын тереңге жіберген ұлттық тәрбие екендігі даусыз. Ол Қазақ азаматының ұлттық-патриоттық рухын кемелдендіреді. Ендеше Қазақстан азаматына берілетін тәрбие қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғайтын қазақ этнопедагогикасының ұлттық ұстанымдары мен қағидалары негізінде ұйымдастырылуы шарт.

2. Тәрбие – мемлекеттің қауіпсіздігі мен оның қуат-күшін нығайтуға ықпал етуі тиіс. Мемлекеттің қауіпсіздігі мен әскери қуат – күшін нығайту оның тек техникалық жарақтануы мен экономикалық әлеуеттілігіне ғана байланысты емес. Әскери құрамалар мен бөлімшелердегі сардарлардың, сарбаздардың азаматтық әскери міндетін адал атқаруына, бөлімшелерде қалыптасқан тәртіп пен тәрбиелік деңгейге тікелей байланысты екендігі даусыз. Ал, әскери қызметке тартылған азаматтардың тәрбиелік әлеуеті отбасы мен қоғамдық тәрбиенің нәтижесі екені белгілі. Жас ұрпақты тәрбиелеуге тартылған субъектілердің, атап айтқанда отбасы иелері мен қоғамдық тәрбиені ұйымдастырушылардың мемлекет алдындағы жауапкершілігін заңдастыруды күн тәртібіне қоюдың кезек күттірмейтін мәселе екендігін мойындау қажет. Ата-ананың отбасылық міндеті мен парызы, мектеп пен қоғам алдындағы жауапкершілігі, мектептің, ұстаздардың мемлекеттік жауапкершілігі мәселелері күн тәртібіне қайта қойылуы тиіс. Қазақ халқы мемлекеттің иесі ретінде мемлекет алдындағы қоғамдық өз жауапкершілігін толық мойындай отырып, Қазақстандық патриотизм қалыптастырудың ұйымдастырушысы қызметін атқарады. Ол үшін қазақ және қазақстанды мекендейтін басқа да ұлттардың отбасыларындағы қалыптасатын ұлттық патриотизмнің Қазақстандық патриотизмге ұласуын қамтамасыз етудің басымдық ұстанымдарын заңдастыру қажет. Өйткені ұлттық патриотизм мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің шешуші факторы болып табылады.

3. Тәрбие - азаматтық тұлға қалыптастырудың кепілдігін қамтамасыз етуі тиіс. Ұлтына және тегіне қарамастан этностардың қазақстандық азаматтық униформасындағы (жан-жақты жетілген) тұлғасын қалыптастыру тәрбиенің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Ол үшін алдымен қазақ халқының этногенездік ерекшелігіне сәйкес келетін этноформа қалыптастыру басты мақсат етіп қойылуы тиіс. Қазақ этногенезіндегі этноформа дегеніміз- өз ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпында өмір сүретін, өз халқының тілін, білімі мен ғылымын, мәдениеті мен өнерін терең меңгерген, қазақ халқы мен мемлекет алдындағы азаматтық борышын адал атқаруға дайындығы мол, қажетінде ұлттық мінез көрсете алатын ұлттық тұлға қалыптастыру болмақ. Қазақ этноформасы қазақстандық униформаның негізгі үлгі эталоны болуы тиіс.

4. Тәрбие - отбасы тәрбиесі мен қоғамдық тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз етуі тиіс. Біздің ойымызша алдымен отбасы тәрбиесін шешудің негізгі тетігі мемлекеттік дәрежедегі отбасы саясатын жасап, тәрбиенің ұлттық идеологиялық мазмұнына ендіру тиіс. Отбасы саясатының моральдық-этикалық және ар-намыс кодексін, қоғамдық-жауапкершілік ережесін жасап, оны практикалық қолданысқа беру қажет. Сонымен қатар отбасы саясаты мен отбасы тәрбиесін жүргізудің ғылыми-әдіснамасын жасаудың, әлеуметтік-педагогикалық шарттарын белгілеп алудың маңызы зор. Мемлекеттік деңгейде отбасылардың даму деңгейі мен болашағы, тәрбиелік әлеуеті мен мүмкіндіктері туралы жылдық есептер дайындап, мониторингілеу қажет. Үлгілі отбасы тәрбиесін насихаттау, оқулықтар мен тәрбие әдістемеліктерін молайту, бейне фильмдерді көбейтіп, жаңа технологиялық тәсілдерді кеңінен пайдалану маңызды роль атқармақ.

Қазақстан азаматының өркениеттік жаңа қоғам кеңістігіне шығуына лайықты руханияттық тұлға қалыптастыратын қоғамдық тәрбие жүйесін орнықтырудың кезі келді. Ол үшін әлемдік өркениет пен ұлттық мәдениеттің руханияттық құндылықтарына, ұлттық философиялық, этикалық, эстетикалық ілімдеріне, этнопедагогикалық тәрбие қағидаларына сүйенген жөн. Барлық: мемлекеттік, қоғамдық, жеке меншіктік, саяси, діни-конфессиялық, жастар мен кәсіподақ құрылымдарының, әсіресе оқу орындарының қоғамдық тәрбиені ұйымдастыру шараларына араласу белсенділігін арттырып, жауапкершілігін кұшейту, қоғамдағы ізгіліктілік, адамгершілік, моральдық, этикалық және руханияттық тәрбиеге қажетті ұлттық мәдени құндылықтардың мүмкіндіктерін толық пайдалану, қоғамдық тәрбиені ұйымдастырудың ұлттық идеологиясының басымдық ұстанымдары мен ұлтаралық этникалық мәдениеттің сәйкестілік ахуалын қалыптастырудың тетіктерін іске қосу қажет. Шовинистік, діни экстремистік, космополиттік, нигилистік және басқа да біздің қоғамымызға жат көзқарастар мен ағымдардың қоғамдық тәрбие мазмұнына, ұлтымыздың зайырлы, парасатты, ізгілікті және демократиялық дамуына теріс ықпал етуіне жол бермеу керек. Әсіресе отбасы тәрбиесіне қоғам тарапынан әлеуметтік, саяси, экономикалық қысым көрсетілуіне жол беруге болмайды. Міне осылайша отбасы тәрбиесі мен қоғамдық тәрбиенің мемлекеттің мүддеге қызмет етуін қамтамасыз етуге болар еді.

Қазіргі тәрбиенің басымдық қағидалары :

Жас азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін қалыптастыру қағидасы. Өз бас пайдасын ойлауды басты қағидаға айналдырып алған қазіргі қоғам мүшелерінің отбасындағы, қоғамдағы азаматтық жауапкершілігі барған сайын төмендеп барады. Ата-аналардың өз балалары алдындағы, балаларының ата-аналары алдындағы жауапкершілігінің жоғалуына байланысты тастанды балалар мен қараусыз қарттардың көбеюі қоғамның дертіне айналып отыр. Қоғамдық жауапкершілігі жоқ ата-аналардың, оқушылардың, студенттердің, педагогтардың, мемлекеттік қызметкерлердің, т.б қоғамдық көзқарасындағы өзгерістер тәрбиеге антипедагогикалық нұқсан келтіруде. Ата-аналардың отбасылық жауапкершілігінің, ұстаздардың педагогикалық жауапкершілігінің, оқушылар мен студенттердің азаматтық жауапкершілігінің, мектеп пен басқа да мемлекеттік мекемелердегі басшылардың қызметтік жауапкершілігінің қоғамдық тәрбие талаптарына сәйкес келмеуі мемлекеттік заңдар мен қоғамдық тәртіптің жиі бұзылуына әкеліп соғатынын мойындау керек. Қоғамдық жауапкершідікке тәрбиеленбеген жас азамат қолындағы қаруын тастап әскер қатарынан қашады, отағасылық жауапкершілікке тәрбиеленбеген азамат өз отбасынан қашады, студенттік немесе шәкірттік жауапкершілікке тәрбиеленбеген жасөспірім өзі оқып жүрген оқу орнынан қашады немесе оқуға салғырт қарайды. Қоғамдық жауапкершілігі жоқ адам масылдық өмір сүреді, қоғамдағы паразиттік элементке немесе қоғамға пайдасы жоқ өз бас пайдасына қызмет ететін эгойст – менменшіл адамға айналады.

Сондықтан жас азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін қалыптастыру мәселесі басты тәрбие қағидасы болуы шарт.

Тәрбиеші-тәлімгердің әкімгерліктен, әміршілдіктен, педагогикалық культтен (жеке басқа табынушылықтан) арылу қағидасы. Тәлімгер шәкірттің ақылшысы, жолбасшысы, көмекшісі, қамқоршысы, жәрдемшісі болуы тиіс. Педагогикалық қызмет пен әміршілдік әдіс ешуақытта да өзара сыйымды бола алмайды. Әкімгерлік, әміршілдік және педагогикалық культ педагогикалық ұжымның моральдық-психологиялық ахуалын бүлдіріп, берекесін кетіреді. Салауатты білім мен салиқалы тәрбие берудің жолына кедергі жасайды. Тек ізгілікті, гуманистік және демократиялық нұсқада ұйымдастырылған оқу-тәрбие үрдісі ғана оңды нәтижеге жеткізбек.
Тәрбиенің индивидтік (тұлғалық) формасына басымдық беріп, екінші кезеңде ұжымдық тәрбиеге көшу қағидасы. Оқушының жеке басының психологиялық, физиологиялық, жыныстық, әлеуметтік, танымдық, нанымдық, сенімдік және ұғымдық деңгейлерінің әр текті екендігі ескерірілмеген күйде сыныптағы ұлдар мен қыздарға бір сипаттағы тәрбие шаралары жүргізілуде. Жеке оқушыны зерттеу, сараптау, бағалау, тәрбие шараларын белгілеу, оның жеке басының тәрбие нәтижесіне бағдарланған тәрбие шараларын жүргізу педагогикалық практикадан соңғы жылдары барған сайын қалып барады. Тәрбиенің нәтижесі ұжымдық тәрбиемен өлшенбейді, жеке азаматтың тәрбиелік деңгейімен өлшенеді. Өйткені нәтижеге бағдарланған тәрбие дегеніміз азаматтық тұлға – этноформа қалыптастыру.
Шәкірттің тәрбиеге құлықтылық (ниеттілігі, бейімділігі, ынталылығы, белсенділігі) дәстүрін қалыптастыру қағидасы.
Тәрбиеде аз шығын жұмсап, дәйекті нәтижеге жетуді мақсат ететін тәрбиенің өлшемін (білім, ғылым, тәжірибе, уақыт, еңбек, энергия) тиімді пайдалану қағидасы. Шәкіртті шаршау, мезі болу, жалығу тәрізді құбылыстардан, тәрбиенің теріс ықпалынан сақтау қағидасы.
Тәрбие нысандарын табиғат заңдылықтарымен ықпалдастыру қағидасы. Адам (жан мен тән) экологиясы, қоғамдық қарым-қатнас экологиясы, табиғат экологиясы біртұтас қаралуы тиіс.
Тұлғаның дамуы мен кемелденуінде кешенді үйлесімділік (адамилық, табиғилық, жаратылыстық, әлеуметтік - психологиялық, мәдени-эстетикалық, қоғамдық - этикалық) қалыптастыру қағидасы.
Ұлттық мүддеге бағындырылған мектептің дәстүрлі тәрбие жүйесін қалыптастыру қағидасы.
Үлгілі және қоланбалы тәрбие (моральдық кодекс, ар-ождан кодексі, мінез-құлық және қоғамдық тәртіп ережелері, ұлттық әдет-ғұрып және салт – дәстүр ережелері т.б.) ережелерін басшылыққа алу қағидасы.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Қазақстан Республикасындағы 2015 жылға дейінгі білім беруді дамытудың тұжырымдамасы /Алматы, Білім әлемі, 2004 /
Қазақстан Республикасындағы 2006-2011 жылдарға Білім беру жүйесіне арналған мемлекеттік кешенді тәрбие тұжырымдамасы, /Астана, 2006/
Ушинский К.Д О народности в общественном воспитании. (Пед.соченение, сос. С.Ф. Егорова) /Москва Педагогика, 1988/
Аль-Фараби. Избрании трактатии /Алматы, Ғылым, 1994/
Баласағуни Ж. Құтты білік /Алматы, 1987/
Құнанбаев А. Қара сөздер /Алматы 1993/
Уәлиханов Ш. Собр. Соченения в 5 томах /Алматы 1972, т.І, с 391/
Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы. /Алматы Қазақстан 1994/
Қожахметова К.Ж. Мектептің ұлттық тәрбие жүйесі: Теория және практика /Алматы, 1997 РБК/
Жұмабаев М. Шығармалар /Алматы, ІІ т, 1993/
Аймауытов Ж. Психология /Алматы Рауан 1995/


Добавить комментарий


Защитный код
Обновить

Уроки создания сайта.